Мемлекет бензин бағасын тоқтата ала ма – Энергетика министрлігі жауап берді

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жанармай нарығына мемлекет тек бір жағдайда араласатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәжілісте журналистер жанармайдың қымбаттауы жайлы сұрақ қойған. Министр биыл ақпан айынан бастап мемлекет нарықты реттеуді тоқтатқанын еске салды. Яғни, еліміздегі жанармай мен дизель отынының ішкі бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты белгіленеді. Бұл жағдайды Ақкенженов «нағыз нарық» деп атады.

Бұл – нарық. «Баға өседі немесе өспейді» деген нақты бағдарлама жоқ. Мұның бәрі ішкі сұраныс пен ішкі ұсыныспен түсіндіріледі. 1 ақпаннан бастап бензин мен дизель отынына мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Сіздерге әлемде биржалық сауда қалай жүретінін мысалға келтірейін. Егер қандай да бір алыпсатарлық әрекеттер орын алса, әрине, мемлекет тарапынан тікелей реттеу шараларын қабылдау мүмкіндігі бар. Ал оның сыртында, заңнамаға сәйкес, коммерциялық ұйымдардың қызметіне араласуға құқығымыз жоқ, – деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.

КОНТЕКСТ

Министрлік мемлекеттік реттеудің алып тасталуын жанармай бағасының басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен болуымен түсіндіреді. Министрліктің мәліметінше, бұл ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын туындатып, саланың жаңғыртылуына кедергі келтіреді және жанармайды түрлі заңсыз жолдармен шетелге шығару жағдайларын арттырады.