Алты баласы қалды: ер адам құдыққа құлаған қызды құтқарамын деп өзі де мерт болды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Ақтөбе облысында ер адам құдыққа құлаған қыз баланы құтқарамын деп өзі мерт болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

17 маусым күні 9 жасар қыз бала жекеменшік үйдің ауласындағы тереңдігі шамамен 10 метр болатын құдыққа құлап кеткен. Ол сол сәтте тығылмақ ойнап жүрген. Баланы құтқармақ болған 38 жастағы ер адам құдыққа түскенмен, қайта шыға алмай қалған. Оқиға орнына келген мамандар екі адамның да қаза тапқанын растады.

ҚАЗА ТАПҚАН АЗАМАТ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 38 жастағы Нұрбол Бердіғалиев 2017 жылдың қыркүйегінде Жарлы ауылына көшіп келген. Содан бері Байғанин аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Ол республикалық және облыстық жарыстарда жүлдеге ие болған 40-қа жуық спортшы дайындаған. Оның 20 шәкірті «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындаған.

Марқұмның артында алты баласы қалды, олардың кенжесі әлі бір жасқа да толмаған. Полиция оқиғаға байланысты тергеу басталғанын хабарлады.