Өзбекстан президентінің қызы әкесінің әкімшілігін басқаратын болды

Сырым Қаржас
asiaplustj

Өзбекстан басшысының жарлығымен президент әкімшілігінің басшысы лауазымы қайта енгізілді. Бұл қызметке бұған дейін президенттің көмекшісі болған Саида Мирзиеева тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Газета.уз басылымына сілтеме жасап.

Өзбекстан президентінің жарлығымен президент әкімшілігінің басшысы лауазымы қайта енгізілді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов. Бұл қызметке Саида Шавкатқызы Мирзиеева тағайындалды.

ӘКЕСІНІҢ КӨМЕКШІСІ БОЛҒАН

2023 жылдың тамыз айынан бастап Саида Мирзиеева президенттің көмекшісі қызметін атқарды. Оған дейін 2022 жылдың қарашасынан бастап Президент әкімшілігінің атқарушы аппараты құрамындағы коммуникациялар және ақпараттық саясат секторының меңгерушісі болды. Бұл сектор бұған дейін қоғамдық пікірді зерттеу және ақпараттық саясатқа жауапты әкімшілік басшысының орынбасары Комил Алламжоновтың құрылымына кіретін.

Саида Мирзиеева – Халықаралық экономика және дипломатия университетінің түлегі, Ташкент мемлекеттік заң университеті мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

2019-2020 жылдары президент әкімшілігі жанындағы ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының орынбасары қызметін атқарды (агенттікті сол кезде Комил Алламжонов басқарған), кейін Ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және дамыту қоры қамқоршылар кеңесі төрағасының орынбасары болды (кеңес төрағасы – Комил Алламжонов).

2023 жылдың тамызында Шавкат Мирзиеев президент әкімшілігінің жаңа құрылымын бекітті. Сол кезде әкімшілік басшысы лауазымы жойылып, президент көмекшісінің екі жаңа қызметі енгізілді, кеңесшілер саны 9-дан 11-ге дейін артты және өзге де өзгерістер жасалды.

2022-2023 жылдары президент әкімшілігін басқарған Сардор Умурзаков қазір президенттің арнайы тапсырмалар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарады.