«Аятолла бункердегі егеуқұйрық сияқты» – Пехлеви Иран билігін айыптады

Ulysmedia
Фото: Reuters

23 маусымда Парижде өткен баспасөз мәслихатында Иранның соңғы шахының ұлы Реза Пехлеви Израиль мен АҚШ-тың соққылары кезінде Аятолла Әли Хаменеи жерасты бункерін паналады деп айыптады, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

– Бұл Иран халқының соғысы емес, режимнің соғысы. Осымен жетеді деп айтатын уақыт жетті, – деді ол.

Оның айтуынша, билеуші элита Ресейге немесе ҚХДР -ға қашуға дайындалуда. Тікелей дәлелдер жоқ, бірақ көпшілік алдында Хаменейдің болмауы және оппозиция таратқан қауесеттер соған меңзейді.

Реза Пехлеви — 1979 жылы биліктен құлаған шахтың ұлы. Содан бері ол елден тыс өмір сүруге мәжбүр болды. Ол қазір монархияны қалпына келтіруді қолдамайды, керсінше, демократиялық жүйе орнатуды қолдайды.

Ол ирандықтарды ереуілге шығуға, ал қауіпсіздік күштерін режимді қорғамауға шақырды. Халықтың жағына шыққандардың барлығына рақымшылық жасауға уәде береді. Ол сондай-ақ батыс елдеріне қайырылып, режимді сақтап қалуға қол ұшын созбауды өтінді. Ол бұның арты қантөгіске алып келеді деді.

Реза Пехлевидің сөзінше, аятолла режимі қазір қираудың алдында тұр.

– Бұл біздің мүмкіндігіміз. Мен сіздермен біргемін. Жаңа Иранды бірге құрайық, – деді ол.

Бұған дейін Иран мен Израиль атысты тоқтататыны туралы мәлімдеді. Оның алдында АҚШ президенті Дональд Трмап тараптардың атысты тоқтату туралы келісімге келгенін айтқан.

13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандарын атқылауды бастаған. 22 маусымда оған Вашингтон қосылған. АҚШ Иранның үш бірдей ядролық нысанын бункерге қарсы бомбалармен атқылаған. Шабуылдан кейін Дональд Трамп «Иранның негізгі ядролық нысандары талқандалды» деген. Бірақ Тегеран оны жоққа шығарған. Иран билігі АҚШ-тың шабуылын растағанымен, «ядролық нысандар толықтай қираған жоқ» деген.