Жаңа ереже Дубайдағы зәулім үйлердің түпкі иесі кім екенін көрсетеді

Сырым Қаржас
businessemirates.ae

Дубай билігі шетел азаматтарына қатысы бар жылжымайтын мүліктерді сату тәртібін күшейтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дубайда қабылданған жаңа ережелерге сәйкес, шетелдік жылжымайтын мүлік иелері енді сатылған мүлік үшін төлемді тек өз атына тіркелген, БАӘ аумағындағы жеке банктік шоттары арқылы ғана ала алады.

Бұған дейін шетел инвесторлары жиі үшінші тұлғаларға, көбіне туыстарына сенімхат беріп, мүлік сатылымынан түскен қаражатты солардың есепшотына аударып отырған. Алайда енді бұл тәжірибе тоқтайды.

Дубай соттары берген сенімхат (PoA) негізінде банктер чектерді сол сенімхат иесі — үшінші тұлғаның атына жазып келген. Бірақ осы аптадан бастап мұндай тәртіпке тыйым салынады. Барлық төлемдер жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы куәлікте көрсетілген иесінің атына ғана жүргізілуі тиіс, — дейді консалтинг компаниясының жетекшісі Яш Триведи.

Айта кету керек, сенімхат иелері мәміле кезінде шетелдік меншік иесінің мүддесін қорғауды бұрынғыдай жалғастыра алады, алайда төлемдерді өз атына қабылдай алмайды.

КОНТЕКСТ

Бұл өзгерістер #DubaiUnlocked атты жаһандық журналистік зерттеуден кейін енгізіліп отыр. Зерттеу барысында Дубайда қымбат жылжымайтын мүлікке иелік ететін шетелдік лауазымды тұлғалар мен саясаткерлердің аты аталған. Арасында Қазақстаннан да бірнеше есімдер бар. Мысалы Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Құрманбаева, Қайрат Сатыбалды, бұрынғы ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев пен экс-премьер Серік Ахметовтің ұлдарының аты аталады.