"Мектептердің жабылуы министрліктің кесірі!". Белгілі ұстаз Бейсембаевты өткір сынады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінің директоры Аятжан Ахметжанұлы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа қатысты өткір сын айтты. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қаржыландырудың кешігуі білім саласын тығырыққа тіреп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Аятжан Ахметжанұлы өз парақшасында соңғы кезде әлеуметтік желіде өзіне қарсы бағытталған ақпараттық шабуылдарды сынай отырып, мұндай әрекеттердің артында кім тұрғанын білетінін меңзеді. Оның айтуынша, министрлік тарапынан көрсетілмеген қолдауды жекелеген адамдардың теріс ақпаратпен жабуға тырысуы – әділетсіздік.

ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП

Ахметжанұлының айтуынша, ол соңғы жылдары ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру үшін үлкен еңбек сіңірген.

- Ұлттық мектеп қалыптастыру мақсатында жанұшыра тірлік қып, 230-дан астам оқу-әдістемелік құралды тек қазақ тілінде шығардым. Жыл сайын 400–500 балаға тегін грант беріп, үздік ұстаздарға пәтер сыйладым. Шәкірттерім IELTS-тен 8.5 алып, SAT-тан 800/800 балл жинап, АҚШ-тың үздік университеттеріне түсіп жатыр, – деп жазды ол.

Ол сонымен қатар, YouTube арқылы 1500-ге жуық тегін онлайн сабақ жүктегенін, республикалық олимпиадаларда оқушылары үздік көрсеткіш көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

“МИНИСТРЛІК КЕЛІСІМШАРТ МІНДЕТІН ОРЫНДАМАЙ ОТЫР”

Аятжан Ахметжанның мәлімдеуінше, оқу-ағарту министрлігіне қарасты қаржы орталығы 2023 жылдың қарашасынан бастап жеке мектептерге арналған жан басына қаржыландыруды кешіктіруде.

- Бастапқыда жарты ай кешіктіріп жүрсе, қазір кейде үш ай, тіпті бір жылға дейін кешіктіріп жатыр. Соның кесірінен көптеген жекеменшік мектеп қаржылық қиындыққа тап болып, біразы жабылып та қалды, – дейді ол.

Оның айтуынша, министрлік 2023 жылғы желтоқсан және 2025 жылғы сәуір, мамыр айларына тиесілі төлемдерді әлі толық жүргізбеген.

“КІМГЕ ӨКПЕЛЕЙМІЗ?”

Ахметжан мемлекеттік қолдау болмаса да, мектепті амалдап ұстап отырғанын айтады. Бірақ жекеменшік мектептерге қарсы ақпараттық шабуылдың күшеюі, ал министрліктің үнсіз қалуы оны ашындырып отыр.

- Ұлттық лицейге шабуыл жасалғанда жақ ашпағандар, енді бір нәрсе тапқандай қуанып жатыр. Артымнан сөз қылғанша, елге білім берудің жолын бірге ойлаңдар, – дейді ол.

МИНИСТРГЕ ЕСКЕРТУ

Ахметжан Ахметжанұлы жазбасын өткір үндеумен түйіндеді.

- Ұлттық мектеп жүйесін дамытқың келсе – көмектес, қолыңнан келмесе – кедергі жасама! Мен сияқты жылына 10–20 миллионға оқытып, шетелге маман дайындап жатқан мектептермен күрес. Менің тірлігімді көре алмасаң, сырттан үрме!, дейді ұстаз. 

СЫНАУ

Айта кетейік, білім саласындағы өзекті проблемаларды көтеріп жүрген маман және ұстаз Аятжан Ахметжан оқу-ағарту министрлігінің жұмысын сынаған болатын. Артынша министр өзін сынағандарға жауап берген еді.