Ресейде жүрген қазақстандықтар ұялы байланыссыз қалуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

1 шілдеден бастап Ресейде биометриялық тіркеуден өтпеген шетел азаматтарының мобильді байланысы ажыратылатыны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Meduza басылымының жазуынша, Ресейде шетел азаматтары 1 шілдеден бастап Бірыңғай биометриялық жүйеде (ЕБЖ) тіркелмеген болса, байланыс операторлары олардың мобильді байланысын өшіре бастайды.

— Биыл жыл басынан бастап шетел азаматтары байланыс операторымен келісімшартты тек Бірыңғай биометриялық жүйеде тіркелген жағдайда ғана жасай алады. Сонымен қатар, олар өз атына 10 sim-картадан артық рәсімдей алмайды. Бұрын жасалған келісімшарттар бойынша биометрияны тапсыру мерзімі 1 шілдеге дейін белгіленген. Бұл талаптарды орындамағандарға операторлар кезең-кезеңімен байланыс қызметін тоқтатады, — делінген Ресейдің Цифрлық даму министрлігінің хабарламасында.

Министрлік дерегінше, 2 миллионнан астам шетел азаматы ЕБЖ-де тіркеліп, жаңа ережеге сай байланыс келісімшартын рәсімдеген.

КОНТЕКСТ

30 маусымнан бастап Ресейге кіру кезінде кемінде 72 сағат бұрын ruID платформасы арқылы электронды өтініш жіберіп, жеке QR-код алу ұсынылады. Осы қосымша арқылы биометрияны тапсыруға болады: бет суретін, паспорттың фотосын жүктеу және дауыс үлгісін жазу қажет.