Иран Израильмен арадағы әскери қақтығыс күшейген тұста Ормуз бұғазын миналауға дайындалған болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тегеран Тель-Авивпен арада әскери қақтығыс ушыққан шақта Парсы шығанағындағы кемелеріне миналар тиеп, Ормуз бұғазын бұғаттауға дайындалған болуы мүмкін. Бұл жөнінде Reuters агенттігі АҚШ үкіметіндегі дереккөздеріне сүйеніп жазды.
АҚШ барлау қызметінің дерегінше, Израиль Ирандағы яжролық нысандарды шабуылдағаннан кейін бірнеше күн өткенде Тегеран Парыс шығанағындағы кемелеріне мина тиеген. Бірақ миналарды суға түсірмеген. Оларды қайтадан қоймаға қайтарды ма, жоқ па белгісіз.
Парсы және Оман шығанақтарын жалғап тұрған Ормуз бұғазы стратегиялық маңызға ие – әлемде тұтынылатын мұнайдың шамамен 20 пайызы күн сайын осы бұғаз арқылы тасымалданады. Бұғаздың ең тар тұсының ені – шамамен 40 километр.
Израильмен арада болған 12 күндік соғыс кезінде Иран билігі өз аумағына жасалған шабуылдарға қарымта ретінде Ормуз бұғазын жауып, Парсы шығанағындағы АҚШ кемелерінің жолын кесіп тастауы мүмкін екенін мәлімдеген.