Ресей қазақстандық азаматты тыңшы деп айыптады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстандық Артур Мартынов Ресей аумағында Украина мүддесіне жұмыс істеді деген күдікке ілінді. Оған террористік шабуыл ұйымдастыруға оқталу, терроризмге жәрдемдесу, тыңшылық пен диверсия баптары бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Санкт-Петербург қаласының прокуратурасы 28 жастағы Қазақстан азаматы Артур Мартыновқа қатысты айыптау қорытындысын бекітті. Тергеу мәліметінше, ол украин арнайы қызметімен байланыс орнатып, ақылы түрде Ресей аумағындағы байланыс пен энергетикалық инфрақұрылым нысандарына қарсы қылмыс жасауға дайындалған.

— Айыпталушы шетелдік кураторынан байланыс нысандарының орналасуы, жанғыш заттар дайындау мен қолдану тәсілдері және өртеу әрекеттері жөнінде мессенджер арқылы ақпарат алып, арнайы дайындықтан өткен. Ресейге жұмыс істеуге келген адам ретінде кірген. 2023 жылдың қыркүйек-қазан айларында Санкт-Петербург пен Ленинград облысында бірнеше ұялы байланыс мұнарасын, тарату қорабын, қуат кабелін және трансформаторды өртеуге қатысты, – делінген Санкт-Петербург прокуратурасының хабарламасында.

АЙТА КЕТЕЙІК

Сонымен қатар, Мартыновтың Санкт-Петербургтегі мұнай өңдеу кешенінің координаталарын шетелдік барлау қызметіне жібергені де айтылып отыр. Қылмыстық іс әскери сотқа жолданды.