Қазақстанда жарты жылда интернет-алаяқтық бойынша 11 мың оқиға тіркелген

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Жарты жылда Қазақстанда интернет-алаяқтық 25 млрд теңгеден астам шығын алып келген. 11 мыңнан астам жағдай тіркелген, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

– Бізде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген. Осы жылдың алты айындағы шығын 25 млрд теңгеден астам.  Оның ішінде 895 млн теңге өтелді, – дейді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай.

2024 жылы қарашада ІІМ  өңірлік бөлімшелері бар арнайы департамент құрылды. Олар киберқылмыстарды ашумен ғана емес, сонымен қатар оның алдын-алумен және құқықтық жұмыстармен де айналысады. Бірақ осы уақытқа дейін қылмыскерлердің аз бөлігі ғана ұсталған. Интернет-алаяқтық күдігімен 30  ұсталған. Оның ішінде 14 адам шетел азаматы.

Қазақстанда интернет-алаяқтық бойынша қозғалған қылмыстық істерге қатысты полицияға сын көп айтылады. Зардап шеккендер көп жағдайда қылмыскер табылмайды деп шағымданады.

Қазір Қазақстан Еуропа Кеңесінің киберқылмыс туралы Конвенциясына және БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі Конвенциясына қосылуға бойынша жұмыстар жүріп жатқаны айтылады.