Рақышев Тасмағамбетоваға беделді мектептегі үлесін сыйға тартты

Сырым Қаржас

Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің бас директоры Әсел Тасмағамбетова ресми түрде мекеменің жарғылық капиталындағы үлеске ие болды. Shoqan School ЖШС-нің 9% үлесін оған жұбайы — кәсіпкер әрі мектептің теңқұрушысы Кеңес Рақышев сыйға тартқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Сыйға тарту 2025 жылдың 8 шілдеде рәсімделген. Осыдан кейін Рақышев компанияның тікелей қатысушылары қатарынан шықты. Қалған 91% бұрынғысынша Fincraft Group компаниясына тиесілі. Компания бұл мәміле туралы ресми түрде хабар алып, үлесті сатып алуға деген басым құқығынан бас тартқан және құқықтардың ауысуына келісім берген.

2025 жылдың басында Shoqan School мектебінің жарғылық капиталы 9,05 млрд теңге деп бағаланған. Ал меншікті капиталы – 7,3 млрд теңге. Ауқымды инвестицияларға қарамастан, мектептің қаржылық көрсеткіштері минуста: 2024 жылдың қорытындысы бойынша шығын 459 млн теңге болған. Оған дейінгі жылы да Shoqan School 391 млн теңге шығынмен жұмыс істеген.

Кеңес Рақышев енді Shoqan School үлесінің тікелей иесі ретінде көрсетілмесе де, мектепке деген бақылау құқығы өзінде сақталып отыр, себебі Fincraft Group — негізгі қатысушы болып қала береді. 

АНЫҚТАМА

Кеңес Рақышев — қазақстандық кәсіпкер, инвестор және қайырымдылық қайраткер. Ол Fincraft Group (бұрынғы Sat & Company) холдингінің президенті және Fincraft Resources компаниясының негізгі акционері, сондай-ақ металургия, энергия мен IT-стартаптарға инвестициялайды. Сонымен бірге, ол «Сәби» қайырымдылық қорын және Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектепті құрған және Қазақстанның дзюдо (2012–2016) әрі бокс (2019–2024) федерацияларын басқарған.