Жексенбіде елдің екі өңірінде 43 градусқа дейін аптап ыстық болады

Сырым Қаржас
Pixabay.com

«Қазгидромет» мамандарының болжамынша, ертең, 13 шілдеде Қазақстанда күн күркіреп, бұршақ жауып, аптап ыстық болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Еліміздің бір бөлігінде – найзағай мен бұршақ, екінші бөлігінде – аптап ыстық болады.

Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты солтүстік пен шығыста найзағайлы жаңбыр жауып, бұршақ түседі, ал батыс пен шығыста екпіні күшті жел мен дауыл соғады. Шығыс өңірлерде нөсер жаңбыр жаууы мүмкін.

Елдің қалған бөлігінде антициклон ықпалынан жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, бірақ жел күшейеді.

АПТАП ЫСТЫҚ    

Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Жетісу және Ұлытау облыстарының оңтүстігінде күндіз +35°…+39° ыстық болады.

Түркістан мен Қызылорда облыстарында жексенбі күні +40° дейін аптап болады.

Маңғыстау облысында да осыған ұқсас температура тіркеледі.

Ал Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарының батысы мен оңтүстігінде термометр бағаны +43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.