Маңғыстау облысында су мәселесі қалай шешіліп жатыр

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде су мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Өңір басшысының сөзінше, өңірде су мәселесі шешілген. 

– Жазда қиындықтар туындайтыны рас. Ыстықта бәрі жуынғысы, душ қабылдағысы келеді. Ал су тек түнде берілсе, адамдар ренжиді. Қазір су күндіз де беріліп жатыр, бұл мәселе қазір шешілді, дейді әкім. 

Нұрдәулет Қилыбаев өңірде тек ара-тұра сә мәселесі болып тұратынын айтады. 

– Жалпы алғанда, иә, мәселе күн тәртібінен түсті. Бірақ апаттар болып тұрады: бір жерде құбыр жарылып, бір жерде жөндеу жұмыстары жүреді. Мұндайда су уақытша тоқтатылады. Әлі де су желісін салу қажет бірнеше ауыл бар.

Сонымен қатар, облыс басшысы 59 ауыл кесте бойынша су алады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. 

– Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Бірнеше ауыл бар, оларға су автоцистернамен жеткізіледі – бұл рас. Бірақ барлық 59 ауылда жағдай мүшкіл деу өтірік. Егер ауыл теңізге жақын болса, теңіз құбыры тартылады, ал алыс болса, скважина қазып, су жеткіземіз. Қазір әр ауылда су тарату пунктін орнатып жатырмыз. Проблема 100% шешілген жоқ, бірақ алға жылжып келеміз. Тұщыту зауытының жанынан 60 мың текше метрлік резервуар салу жоспарда бар, құжаттардың мақұлдануын күтіп отырмыз. Қазірдің өзінде 24 мың текше метрлік резервуар салынған. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасымен жаңа су тарту нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның қуаты 12 мың текше метр. Қазір сынақ режимінде, жазда 12,5 мың текше метр су тұрғындарға беріледі.

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube арнасынан көре аласыздар.