Доллар 600 теңге бола ма - экономист болжамын айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Экономист Алмас Чукин теңгенің күрт құлдырауы жөніндегі қауесеттерге пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Чукиннің пайымынша, қазақстандықтар үшін алаңдауға негіз жоқ – доллар бағамы бір сәтте 600 теңгеге жетпейді деп жазады Digital Business. Оның айтуынша, керісінше, мемлекет америкалық валютаны нарыққа “құйып” жатыр.

– Тіпті біреу: «Болды, ертең теңге 600 болсын» десе де, оны 600-ге дейін көтеретін ешкім жоқ. Теңгені 600-ге дейін жеткізіп, сол деңгейде ұстап тұру үшін, қолында ұшан-теңіз ұлттық валюта жатқан қалта болуы керек. Сол қалтадан теңге ағып шығып, нарықтан долларды 550, 580, 600 теңгемен жаппай сатып ала бастауы тиіс. Бірақ ондай қалта жоқ. Елде девальвация болатындай экономикалық негіз де жоқ. Мұндай жағдайларға экономикалық негіз жоқ. Қазір қандай кәсіпкер 600-ден доллар сатып алуға ұмтылады? Ол: «Онда менің дүкендегі тауарыма қойылатын баға мынадай болады. Мен оны сата алмаймын» дейді. Өйткені мұндай процестер нарықтық экономикада біртіндеп жүреді. Бұлай жасауға жалғыз қабілетті тарап – мемлекет қана. Егер ол кенет доллар сатып ала бастаса. Бірақ мемлекет керісінше әрекет етіп отыр, Ұлттық қордан доллар алып, оны нарыққа шығарады. Теңгені нығайту немесе әлсірету тек сатылатын доллар көлемін азайту арқылы ғана мүмкін, – дейді экономист.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін, 15 шілдеде, премьер-министр Олжас Бектенов теңге бағамының күрт әлсіреуіне алғышарттар жоқ екенін мәлімдеген болатын.