Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты іс бойынша сотта жәбірленушілердің өкілі – Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі сөз сөйледі. Ол және айыпталушы арасында жанжал туындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
НЗМ мұғалімі Жанерке Сатқынбекова Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде Biz Birgemiz Kazakhstan 2030 қорына 2,9 млн теңге аударғанын айтты. Бұл қаржыны мектеп оқушылары мен мұғалімдер ұйымдастырған қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен. Көктемде Жанеркеге қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қызметкерлері хабарласып, осы ақша аударымы бойынша сұрау салған. Сол кезде ол Перизат Қайратқа қарсы арыз жазған және жәбірленуші ретінде танылған. Тергеу барысында Перизат оған сұрақ қойып, екеуі сөз таластырып кетті.
Диалог
– Ақша ұрланды дегенге ҚМА қызметкерлері қандай дәлел келтірді? – деп сұрады Перизат.
– Мен дәлел сұраған жоқпын. Олар (ҚМА) мені шақырып, “неге ақша жібердіңіз, Перизатты танисыз ба” деп сұрады. Мен жаздым. Олар арыз жаз деп мәжбүрлеген жоқ. Жазасыз ба деп сұрады, мен "иә" дедім. Мен де шындықты білгім келеді, – деп жауап берді мұғалім.
Бұл жауап Перизаттың көңілінен шықпай, ол дәлелдер туралы сұрауын жалғастырды.
– Арыз жазу үшін нақты факті болу керек қой, – деді айыпталушы.
– Барлығы жазды, мен де жаздым. Сот бұл істі қарап, жәрмеңке өткізіп ақша жинаған қарапайым адамдарға көмектеседі деп сенемін. Маған да бұл жағдай ауыр тиді, – деді Сатқынбекова.
– Біз де су тасқыны кезінде көп жұмыс атқардық, алдыңғы шепте болдық. Сіздің ақшаңыз да өз мақсатына жұмсалды, – деп жауап берді Қайрат.
– Егер расымен мақсатына жұмсалса, оны сот дәлелдейді, – деді жәбірленуші.
Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында су тасқыны кезінде жиналған қайырымдылық қаржысына қатысты эпизод қаралып жатыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін Перизаттың анасы Ғайни Алашбаеваның денсаулығы нашарлап, сот отырысына үзіліс жарияланған болатын.