"Каринаның орнына 15 жасында Сәкенмен анасы сөйлескен" - экс-дипломаттың ағасы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Экс-дипломат Сәкен Мамаштың ағасы Нұржан Мамаш үкімге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Нұржан Мамаштың сөзінше, Карина Сәкен Мамаштың туыстарына балаларымен араласуға тыйым салған. 

- Тек Сәкеннің балалармен араласуға құқығы бар. Бірақ Сәкен сотталып кетті. Ол балаларымен қалай араласады? Каринаға жолай қалсаң қоқан-лоқы көрсетіп жатыр деп шу шығарады. Менің қарындасым “балалардың болашағын ойласайшы. Сәкен түрмеге отырмаса көмектесер еді ғой” деп жазған еді. Кеше сотта соны “маған қоқан-лоқы көрсетіп жатыр” деп мәлімдеді. Ондайды қайдан көріп отырсыздар? Балаларға материалдық көмек көрсетіп тұрамыз. Сәкен де бостандықта жүрген кезде миллиондап көмектесетін, – дейді Нұржан Мамаш. 

“СӘКЕНМЕН КАРИНАНЫҢ ОРНЫНА АНАСЫ СӨЙЛЕСІП ЖҮРГЕН”

Экс-дипломаттың ағасы Каринаға қатысты тағы бір деректі айтты. 

- Карина 15 жасында Сәкенмен mail.ru арқылы сөйлесетін. Бірақ Каринаның орнына анасы сөйлесетін. Анасын да түсінуге болады. Қызы жақсы дипломатпен сөйлесіп жүр, қызы жақсы жерге тұрмысқа шығады. Қызын 17 жасында бізге тұрмысқа беріп жіберген. Екеуі танысқан кезде Сәкен Беларусьте дипломат болып жүрген. Олар төрт жыл шетелде істеп, бір ай елде істейді. Сол аралықта олар mail.ru-мен сөйлесетін, – дейді Нұржан Мамаш. 

Оның сөзінше, Сәкен Каринаны соққыға жықпаған. 

- Тек былтыр, бір жағдай болған. Каринаның сіңлісі мен оның жоспары болған ғой. Сіңлісі Карина мен Сәкенді арандатып, төбелестіру үшін барған. Оған дейін Карина ешқашан ұрды деп айтқан емес. Маған айтса, мен Сәкенмен үлкен ағасы ретінде сөйлесер едім ғой, – дейді Нұржан Мамаш. 

СОТ ҮКІМІ

Еске салайық, бүгін экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот үкімі шықты. Әйелін бірнеше жыл азаптады деген күдікке ілінген Мамаш сот үкімімен алты жылға сотталды.