Карина Госманның сөзінше, Сакен Мамаш әйелін үш баласымен баспанасыз қалдырып, алимент төлемеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КАРИНА НЕ ДЕЙДІ
Карина Госман бұрынғы күйеуі Сакен Мамашпен сот процесі туралы айтқанда қобалжып кетті.
— Балаларым аш емес – мен жұмыс істеймін, қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіп отырмын, – дейді ол.
Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі, экс-дипломат Сакен Мамаш және оның туыстары Каринаға да, үш баласына да еш көмек көрсетпеген. Ол бастапқыда «үндемей кетуі үшін» үш пәтер ұсынғанын, бірақ өзі одан бас тартқанын айтады. Осыдан кейін Мамаш оларды тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырған.
Соған қарамастан, Карина Госман отбасындағы зорлық-зомбылықты жұртқа жария еткеніне еш өкінбейді.
— Бұл кек емес, бұл әділеттіліктің орнауы. Мүмкін, бір күні санасына жетер… Бірақ мен ескерткенде, ол тек күліп тұратын, – дейді ол.
Каринаға қолдау білдіргендер қатарында қарапайым қазақстандықтар мен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қорғау» дағдарыс орталығының қызметкерлері де болды. Ол әлеуметтік желілердегі жылы лебіз жазғандардың барлығына алғыс айтты.
АУЫР ЖАРАҚАТТАР
Сәкен Мамаштың туыстары Каринаның БАӘ-де жеке қаражаты болмаған деген пікірмен келіспейді. Олар бұл жайт сот үкімінің тым қатаң болуына себеп болды деп есептейді.
Сот үкімі жарияланар алдында сот дәлізінде Нұржан Мамаш журналистерге өзінің жазбаша мәлімдемесін таратты. Ол Карина Госман БАӘ-де кедей тұрмағанын, керісінше сән-салтанатпен өмір сүргенін айтты. Нұржанның сөзінше, жұмыс істемейтін дипломаттың жары ретінде Каринаға республикалық бюджеттен ай сайын 1400 доллар бөлінген.
Оған жауап ретінде Карина:
— Мен туралы гауһар тағып жүретін еді деген пікірлер болды. Бірақ шын мәнінде, менде бриллиант емес, гематома болды, – деп мәлімдеді.
АҒАСЫ НЕ ДЕЙДІ
Бұған дейін Сәкен Мамаштың ағасы Нұржан Мамаш сот үкіміне байланысты және экс-дипломат пен Каринаның арақатынасы қалай басталғанын айтып берген болатын.
СОТ ҮКІМІ
Еске салайық, бүгін экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот үкімі шықты. Әйелін бірнеше жыл азаптады деген күдікке ілінген Мамаш сот үкімімен алты жылға сотталды.