Ұлыбритания ресейлік хакерлер мен ГРУ офицерлеріне санкция салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Reuters мәліметінше, Ұлыбритания жұма күні «Еуропаны тұрақсыздандыруға бағытталған кибершабуыл кампанияларын тұрақты ұйымдастырып жүрген» Ресей арнайы қызметінің өкілдері, хакерлер мен ұйымдарға санкция салды.
Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі мәлімдемесіне қарағанда, санкция ресейлік әскери барлау басқармасының (ГРУ) үш бөлімі мен оның 18 офицеріне салынған. Арасында Лондон Украинадағы соғыс барысында Мариупольға соққы жасады деп санайтын, сонымен бірге бұрынғы барлаушы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия 2018 жылы "Новичокпен" уланбай тұрып, оларды аңдыды делінген офицерлер де бар.
«ГРУ Еуропаны тұрақсыздандыру, Украинаның егемендігіне нұқсан келтіру және британ азаматтарының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін науқан жүргізіп жатыр» деді Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми.
Британ билігінің мәліметінше, Ресей сонымен бірге ақпарат құралдары мен телекоммуникация компаниялары, саяси және демократиялық институттарға, энергетика инфрақұрылымына кибершабуылдар жасаған.
Санкциядан бөлек, британ СІМ "Африкалық бастама" жобасының үш басшысына шектеу қойды. Британ билігінің айтуынша, олар Батыс Африка елдерінде ақпараттық диверсияны жүзеге асыратын Ресейден қаржыландырылатын контенттер фабрикасын құрған.
Кейінгі айларда Ұлыбритания туындаған түрлі қауіп-қатер, соның ішінде Ресей мен ядролық және киберқауіпсіздікке қатысты қауіп-қатер де бар, қорғаныс мәселесін қайта қарап, әскери шығынды айтарлықтай арттырған.