Камерундық футболшы аса ірі көлемде есірткі сақтап, таратқаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
33 жастағы Роджер Мбала биыл наурызда Шымкентте ұсталды. Ол қалаға 1,3 келі психотроптық затты жылыту құрылғысының ішіне жасырып әкелген.
Ер адам өз кінәсін мойындамады. Сотта ол қораптың ішінде не бар екенін білмегенін айтып, өзін тек курьер ретінде жұмыс істедім деп сендірді. Яғни, тауарды жеткізіп, әрі қарай қайда апару керек екенін күттім деген.
Роджер Мбала Қазақстанға бес жыл бұрын футбол клубтарының бірінде кәсіби ойыншы ретінде келген. Алайда көп ұзамай жарақат алып, табысынан айырылған. Сол уақытта визасының мерзімі де аяқталып, еліне қайтатын билет алуға ақшасы болмағанын соттағы соңғы сөзінде айтты. Кейін Telegram-нан жұмыс туралы ұсынысқа тап болыпты.
СОТ МӘЛІМДЕМЕСІ
– Ұстау кезінде жылытқыш қойылған қорап табылды. Құрылғының ішінен жалпы салмағы 1 келі 346 грамм болатын психотроптық зат салынған екі пакет шықты. Тұрған жерінен зип-пакеттер, таразы, изолента және басқа да дозалауға қажет заттар табылды. Бұл оның есірткіні сату ниеті болғанын дәлелдейді, – деді судья Ахат Есенов.
Айыпталушы өзін Камерунге экстрадициялауды сұрады. Алайда оны елге қайтарудың орнына енді 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.