Путин аятолла Хаменейдің кеңесшісімен кездесті

Ulysmedia
Фото: tasnimnews.com

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде Иранның рухани көсемі, аятолла Әли Хаменейдің кеңесшісімен кездесті , деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресейдің РБК басылымының мәліметінше, Владимир Путин аятолла Әли Хаменейдің бас кеңесшісі Әли Лариджанмен Иранның ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөздер жүргізген. Кездесу туралы алдын ала ресми ақпарат айтылған жоқ.

– Лариджани Таяу Шығыста шиеленісіп бара жатқан жағдай мен Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалға қатысты ойларды жеткізді. Путин болса Ресейдің аймақтағы жағдайды тұрақтандыру және Иранның ядролық мәселесін саяси жолмен реттеу жөніндегі көпшілікке белгілі ұстанымын қуаттады, – деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Мәскеу аятолла режимімен достық қарым-қатынас ұстанғанымен, маусымда Израиль мен АҚШ Иранға қарсы әскери операция жасағанда Ресей Тегеранға нақты әрі кесімді қолдау білдірмеді.

Израиль бұл операцияны Иранның ядролық бағдарламасын жою және Тегеранның аймақтағы қарулы топтарының белсенділігін басу деп атады. Ал АҚШ Тель-Авив операциясын қолдаған.

12 күнге созылған әскери операцияда тараптар бір-бірін атқылаған. Кейіннен Израиль де, Иран да атысты тоқтату туралы келісімге келген.