Иран уран байытудан бас тартпайды

Ulysmedia
Фото: AP Photo / Vahid Salemi

Тегеран уран байытудан бас тартпайды. Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи осылай деп мәлімдеді,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Аббас Аракчи АҚШ-тың Fox News телеарнасына сұхбат берді. Оның сөзінше, уран байыту уақытша тоқтатылған. Себебі келген залал өте ауыр және ауқымды.

– Біздің уран байытудан бас тартпайтынымыз түсінікті. Себебі бұл біздің ғалымдарымыздың жетістігі. Бұл – ұлттық мақтаныш. Кез келген ядролық келісім Иранға осындай мүмкіндік беруі тиіс, – деді ол.

Ядролық келісім

25 шілдеде Стамбұлда Иран тарапы Франция, Ұлыбритания және Германия өкілдерімен кездеседі. Бұл маусымда Израиль мен АҚШ Иранның ядролық нысандарын атқылағаннан кейінгі алғашқы кездесу.

АҚШ ядролық келісімнен 2018 жылы шығып кеткен. Германия, Франция, Ұлыбританиядан бөлек, бұл келісімде Қытай мен Ресей бар. Бұл келісім Иран ядролық бағдарламасына шектеу қойған жағдайда Тегеранға салынған санкцияларды алып тастауды қарастырады.

Израиль мен Иран арасындағы соғыс басталғанға дейін Тегеран мен Вашингтон Оманның араласуымен Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің бес раундын өткізді. Бірақ қандай да бір мәмлеге келе алмаған.