Қытайда пранк жасаған қазақстандық қыз полицияға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Қытайда пранк видеолар түсірген қазақстандық бойжеткен елге оралғаннан кейін бірден Алматы қаласының полициясына жеткізіліп, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарынан өтті.
Блогер Гуанчжоу қаласында жергілікті тұрғындарға пранк ұйымдастырып, оны видеоға түсірген. Ол сапарлас құрбысының қалтасынан ұялы телефонын алып, оны көшеде кетіп бара жатқан қытайлық азаматтардың қолына берген. Содан кейін құрбысына телефонының ұрланғанын айтып, оны өзі ұстатқан адамға көрсеткен. Бұдан бөлек, ол көшеде және метро ішінде бейтаныс ер адамдарға жақындап, қолдарынан ұстап не аяқтарына қол тигізіп, айналасындағылардың қорқынышы мен таңданысын тудырған.
Бұл әрекеттері Қытайдың әлеуметтік желілерінде кеңінен таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жергілікті тұрғындар қазақстандық азаматшаның қылығына наразылық білдірді.
БЛОГЕРДІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ
Полицияда қыз болған оқиғаға өкінішін білдірді.
– Менің видеом біреуді қорлау мақсатында түсірілмеген. Бұл ойланбай жариялаған жазба болды. Одан көңілі қалған адамдардан кешірім сұраймын. Енді әлеуметтік желілерде контент салуға мұқият қарайтын боламын, – деді ол.
ПОЛИЦИЯ ЕСКЕРТУІ
Полиция өкілдері әлеуметтік желілерде материал жариялау кезінде азаматтар өзге елдердің де өкілдеріне, сонымен қатар өз отандастарына құрмет көрсету нормаларын сақтауы керектігін еске салды.
– Мұндай әрекеттер арандатушылық ретінде қабылданып, қоғамда жағымсыз реакция тудыруы мүмкін, – деп атап өтті полиция.
ЕСКЕРТУ
Сонымен қатар, шетелде жүрген әрбір азамат сол елдің дәстүрлерін, қоғамдық тәртіп ережелерін, сондай-ақ заңдары мен мінез-құлық нормаларын құрметтеуге міндетті. Бұл талаптарды бұзу қабылдаушы тараптың тарапынан заңдық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.