Газа секторында аштықтан балалар қырылып жатыр

Сырым Қаржас
Фото: Reuters

Газа секторында аштықтан балалар қаза табуда, 101 адам көз жұмған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC Russian-ға сілтеме жасап.

СОҢҒЫ ЕКІ ТӘУЛІКТЕГІ ЖАҒДАЙ

ХАМАС ұйымының бақылауындағы Газа секторындағы денсаулық сақтау министрлігі соңғы екі күн ішінде аштықтан 33 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Олардың қатарында 12 бала бар.

Министрліктің мәліметінше, соғыс басталғалы бері аштықтан көз жұмғандар саны 101 адамға жеткен, оның 80-і – балалар.

900 МЫҢ БАЛА

Газа қаласындағы Шифа ауруханасының директоры доктор Мохаммед Абу Сальмия BBC арнасына берген сұхбатында, секторда 900 мыңға жуық баланың тамақ жетіспеушілігінен зардап шегіп жатқанын айтты.

ИЗРАИЛЬ НЕ ДЕЙДІ

Израиль тарапы Газа секторына гуманитарлық және азық-түлік көмегін жеткізуге еш кедергі келтірмей отырғанын мәлімдеді. Елдің мәліметінше, аймаққа 2 000 тоннадан астам балалар тағамы жеткізілген. Алайда бұл көлемнің қандай уақыт ішінде жеткізілгені нақты айтылмай отыр.

Журналистік қауымдастық: тілшіміз аштықтан өліп кетуі мүмкін
Agence France Presse (AFP) агенттігінің журналистер қауымдастығы дүйсенбі күні Газа секторындағы штаттан тыс тілшісінің аштықтан өліп кету қаупі бар екенін мәлімдеді.

КӨМЕК БЕРЕТІН ПУНКТТЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ

Палестина жағы Израиль әскері мен АҚШ-тың гуманитарлық көмекті қорғауға арналған арнайы фирмасы – Gaza Humanitarian Foundation (GHF) күзетшілерін айыптауда. Олардың айтуынша, бұл қызметкерлер көмек алу үшін жиналған халыққа оқ атқан.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы 27 мамырдан бері, яғни GHF жұмыс істей бастаған уақыттан бастап, гуманитарлық көмекке кезекте тұрған 1 054 адамның оқтан не дүрбелең кезінде қаза тапқанын растады.

ХАМАС-тың Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жексенбі күні БҰҰ көмегін күткен 67 адам Газа секторының солтүстігінде өлтірілген. Ал сенбі күні сектордың оңтүстігінде орналасқан екі көмек тарату пунктінің маңында кемінде 39 адам қаза тапты.