Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Газа секторында геноцид жасалып жатқанда үнсіз қалғандар Израиль жасаған адамзатқа қарсы қылмыстардың сыбайласы деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ердоған Газадағы аштық пен гуманитарлық көмектің жетпеуінен зардап шегіп жатқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдірді. Ол Түркия нацистердің геноцидінен асып түскен Израильдің Газа халқына жасаған геноциді мәселесін адамзаттың күн тәртібінен түспеуін қамтамасыз ететінін айтты.
Ердоғанның сөзінше, қазір Түркия үшін Газада атысты тоқтатып, эксклавтарға гуманитарлық көмектің дер кезінде жеткені маңызды.
– Бойында бір тамшы адамдық қасиеті бар адам Газада күн сайын бір үзім нансыз, бір жұтым сусыз қырылып жатқан бейкүнә адамдардың өліміне бейжай қарай алмайды. Жаппай адамдар қырылып жатқан осынау қаралы күні барлық халықаралық ұйымдарды адамзат үшін бірігуге шақырамын. Газадағы қатыгездікке бірлесіп үн қатуға және «Тоқтат» деп айтуға шақырамын, – деді ол.
Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығыс 2023 жылғы 7 қазанда, ХАМАС және «Исламдық жихад» қарулы топтары (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) Газа секторынан Израильді жаппай зымыранмен атқылап, Израиль аумағына басып кіріп, адамдарды жаппай өлтіріп, жүздеген адамды кепілге алып кеткеннен кейін басталған. Бұған қарымта ретінде Израиль Газа секторына әуеден соққы жасады. 27 қазан кешке ЦАХАЛ ірі күштерін Газа секторының солтүстік бөлігіне кіргізді.