Әнші Асхат Тарғын терезесінің түбіндегі құрылысты тоқтатуды талап етті

Сырым Қаржас
Видео кадры

Алматы облысы Бесағаш ауылының тұрғындары жеке тұрғын үйлерінің тура қарсы бетінде салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуды талап етіп отыр. Адамдар тұрақты шуға шағымдануда. Олардың айтуынша, қатты дірілден қабырғаларда жарықтар пайда болған. Не күндіз, не түнде тыныштық жоқ. Құрылыс компаниясының өкілдері ауыл тұрғындарынан шыдауды сұрап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Құрылыс қызу жүріп жатыр. Нысан паспорты әлі болмаса да, жергілікті халықтың айтуынша, мұнда 13 үйден тұратын ірі тұрғын үй кешені салынбақ. Адамдар күндіз-түні гүрілдеген жүк көліктеріне шағымдануда. Шу көрші үйлерге дейін естіледі. Тыныштығынан айырылғандардың арасында «Мария Магдалена» хитінің авторы, танымал әнші Асхат Тарғын да бар. Ол тыныштық пен оңашалық іздеп, қала сыртынан үй салып, отбасын көшіргенін айтады. Бірақ бұл бақыт ұзаққа созылмапты. КТК мәліметінше, өнер иесі қазір елді мекеннен шығу үлкен проблемаға айналғанын айтады. Бұрын да асфальт болмаған, ал ауыр жүк көліктері жолды мүлде жарамсыз етіп тастаған.

– Мен мұнда 2023 жылдан бері тұрамын. Бірақ құрылыс басталғалы бері бізде күрделі мәселелер туындады. Жұмыстар барлық нормаларға қайшы жүріп жатыр. Көшелерімізді бүлдірді. Мұнда күн сайын 90-ға жуық КамАЗ өтеді. Қарапайым жол үшін бұл – үлкен салмақ! Олардың көк түтінінен терезе ашу мүмкін емес. +40 градус ыстықта үй ішінде тұншығып отырамыз. Таңғы 7-де бастайды. Ұйықтау мүмкін емес. Тіпті түннің ортасында, сенбі-жексенбі күндері де жұмыс істейді, – деді Асхат Тарғын.

Гүлзира Арықбай Бесағаш ауылындағы жаңа үйге небәрі алты ай бұрын көшіп келген. Алайда жаңа қоныстың қуанышы ұзаққа созылмады. Сәуір айында оның үйінің қарсы алдына құрылыс басталған. Содан бері терезесінің түбінде ауыр техника күн сайын шуылдайды. Әйелдің айтуынша, қатты дірілден жиһаз, ыдыс-аяқ сықырлап, тіпті әйнектер жарылып жатыр. Қабырға мен төбеден жарықтар пайда болған, бөлмелердегі ламинат ашыла бастаған.

– Біз бұл үйге небәрі алты ай бұрын көшіп келдік. Жаңа үй, жаңа жөндеу еді. Қазір үйде он жыл тұрғандай күйде. Қабырғалар мен төбелер жарылған. Төрт айда осылай болса, ары қарай не болмақ? Қазір олар тек шұңқыр қазып, іргетас құйған. Қазір бірдеңе бұрғылап жатыр ма, жер сілкінісі сияқты. Балалар шошып, сыртқа жүгіріп шығады, – дейді әйел.

Құрылыс компаниясының өкілдері жергілікті тұрғындардан сәл шыдауды сұрап отыр. Олардың айтуынша, жұмыс енді ғана басталған. Жұмысты мердігер ұйым жүргізіп жатыр, ал компания олардың барлық әрекетін бақылауға қауқарсыз.

– Бұл біздің мердігер ұйым. Яғни, бұл тікелей біздің қызметкерлер емес. Сондықтан күн сайын, түн сайын бақылап, талап қою мен үшін қиын. Бірақ бұл мәселені басшылыққа жеткіздім. Кей кездері, мысалы, цемент зауыты күндіз цемент бере алмаса, түнде береді. Үйлер арасындағы қашықтық, өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар – бәрі сақталған. Сондықтан біз құрылыс жүргізе аламыз, – деді "Buta Group" ЖШС өкілі Ермек Саурықбаев.

Мұнда 16 үйден тұратын аз қабатты тұрғын үй кешені салына бастаған. Ауласы жергілікті тұрғындардың бәріне қолжетімді болады деп жоспарланып отыр. Нысанның жалпы аумағы – 3 гектардан асады. Құрылысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Компания барлық құжаттары бар екенін билік растап отыр.

– Мақсаты – көпфункционалды тұрғын үй кешенінің құрылысы мен қызмет көрсетуге арналған. Бұл нысан бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасы Талғар ауданы сәулет бөлімінен 2025 жылдың 4 наурызында берілген. Эскиздік жоба 2025 жылдың 22 сәуірінде мақұлданды, – деді Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Әділбек Ақназаров.

Туындаған қолайсыздықтар үшін құрылыс компаниясы ауыл тұрғындарына жаңа су құбырын жүргізіп беруге уәде етті. Сонымен қатар жолды да жөндеп бермек. Жақын арада асфальт төселуі тиіс. Тұрғындар мұндай келісімге келуге қарсы емес. Бірақ олар жерді тұрақты суарып отыруды және жұмыстардың тек рұқсат етілген уақытта жүргізілуін талап етуде. Сондай-ақ бүлінген жөндеу жұмыстары үшін өтемақы төлеуді сұрап отыр.