Путиннің жаңа жарлығының кесірінен Қара теңіздегі қазақ мұнайының экспорты тоқтап қалды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қара теңіз арқылы Қазақстан мұнайының экспорты жаңа ресейлік ережелерге байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл жайлы Reuters агенттігіне салалық екі дереккөз хабарлаған. Қара теңіздегі Ресейдің басты порттарында шетелдік мұнай танкерлеріне уақытша жүктелуге тыйым салынды. Бұл жаңа реттеуші шаралардың нәтижесі.

- Бұл Қазақстан мұнайының экспортын іс жүзінде тоқтатады, өйткені ол негізінен америкалық энергетикалық компанияларға ішінара тиесілі консорциум арқылы жүзеге асырылады, – делінген агенттік материалында.

Агенттік өңірдегі жүктемелерге негізделген есебіне сүйене отырып, шетелдік кемелердің порттарға кіре алмауы, оның ішінде Новороссийскіден Ресей мұнайының экспортына да әсер еткені, әлемдік мұнай жеткізілімі көлемінің 2%-дан астамға төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін хабарлайды.

КОНТЕКСТ

Бұл жағдай Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізгеннен бірнеше күннен кейін орын алды. Сонымен бірге, Chevron мен ExxonMobil сияқты акционерлері бар Каспий құбыр консорциумының (КҚК) қызметіне кедергі келтірілді. КҚК арқылы Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы экспортталады. Шикізат Ресейдің «Оңтүстік Озерейка» терминалы арқылы өтеді.

Дүйсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин шетелдік кемелердің ресейлік порттарға кіруі үшін ФСБ-дан арнайы рұқсат алуын міндеттейтін заңға қол қойды.