Украина дерегі: жүздеген қазақстандық Ресей жағында соғысып жүр

Мейірман Лес
Ulysmedia коллажы

Ресей Федерациясы қазақстандықтармен әскери келісімшарт жасасқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Украинаның мемлекеттік “Хочу жить” жобасының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартысында Ресей қорғаныс министрлігі Қазақстанның 529 азаматын соғысқа қатысуға жалдаған.

– Әрбір адам өмірі қымбат. Алайда ұлттық экономика тұрғысынан алғанда, бір ересек азаматты дүниеге әкеліп, оны еңбекке қабілетті жасқа дейін өсіру үшін қанша жыл, күш пен қаражат кететіні есептеледі. Бұл – ресейлік жалдаушылардың соғысқа тарту үшін уәде ететін 2 мың доллардан жүз есе артық. Ал бұл адамдар бірнеше аптада, тіпті күндер ішінде, ресейлік командирлер айдап салып жатқан жаппай шабуылдарда қырылып жатыр, – дейді “Хочу жить” жобасының өкілдері.

Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегәлімов әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабы өкілдерімен кездескен. Ол Украина тарапына Қазақстан азаматтары арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін және жалданып соғысып жүргендерге қатысты тергеу басталатынын жеткізді.

КОНТЕКСТ

2024 жылдың соңында Украина тарабы Ресей жағында соғысты деген Қазақстанның 661 азаматының тізімін жариялады. Олардың кемінде 78-і қаза тапқан.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, жалдамалы болу – қылмыс. Басқа елдегі соғысқа жалдамалы емес түрде қатысқан адам 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал жалданып соғысқаны үшін 7 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, азаматтығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.

АНЫҚТАМА

“Хочу жить” – Украина үкіметінің әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабы жүзеге асырып жатқан мемлекеттік жобасы. Ол Ресей әскері қатарындағы жауынгерлерге аман қалу және қауіпсіз жағдайда тұтқынға берілуге көмектесуге, мобилизация қаупі төнген Ресей азаматтарына және Украина жағына өткісі келетін әскери не бейбіт азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған.