Башар Асадқа қатысты ордер жойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Францияның кассациялық соты Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа Гутада (2013 жылы) және Думада (2018 жылы) болған химиялық шабуылдар үшін берілген тұтқындау ордерін жойды. Сот бұл шешімді Асадтың мемлекет басшысы ретіндегі иммунитетімен түсіндірген, деп жазды Euronews.
Сот өкілдері қазіргі уақытта қызметте отырған мемлекет басшыларын, премьер-министрлерді және сыртқы істер министрлерін басқа елдердің соттары тіпті әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстар жағдайында да қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайтынын мәлімдеді.
ПІКІР
Дегенмен, кассациялық соттың төрағасы Асадқа болашақта жаңа ордерлердің берілуі мүмкін екенін атап өтті. Себебі ол 2024 жылдың желтоқсанында биліктен кеткен, яғни иммунитетінен айырылған. Осыған байланысты оған қатысты тергеуді жалғастыру мүмкіндігі сақталып отыр.
АЙЫПТАУЛАР
Асад оппозицияға қарсы химиялық қару қолданды және жаппай кісі өлтіруге жол берді деп айыпталып жатыр. Тұтқындау туралы бастапқы өтініш 2023 жылдың қарашасында берілген. Бұл кезде екі француз тергеушісі Асадтың әрекеттерінің салдарын зерттеген. Бұл жағдай әлемдік көшбасшыларды адамзатқа қарсы қылмыстар үшін жауапқа тартудың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетеді.
Сирияны 50 жылдан астам уақыт бойы әуелі Хафез Асад, кейін оның ұлы Башар Асад басқарды. 2011 жылы “Араб көктемі” кезінде 23 миллион халқы бар елде тираниялық билікке қарсы жаппай көтеріліс басталды. Соның салдарынан 13 жылға созылған азаматтық соғыс өршіп, сириялық адам құқықтарын бақылау орталығының дерегінше, 500 мыңнан астам адам қаза тапқан. Миллиондаған тұрғын Ливан, Иордания, Түркия және Еуропа елдеріне босып кеткен.