ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті ұлының еміне қаражат жинау үшін кең көлемді жарнама науқанын ұйымдастырған ерлі-зайыптыға қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Тергеу амалдарына сай, ерлі-зайыпты науқас баласын видеоға түсіріп, Instagram және Facebook арқылы жанашырлық жазбалар жазып, таргет арқылы жарнама жасап, қазақстандықтың жүрегіне әсер еткен.
Осылайша күдіктілер халықтың сенімін пайдаланып, 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинаған. Алайда, баланың еміне оның тек 6,4 миллион теңгесін жұмсалған.
Қалған қаражат ерлі-зайыпты жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған.
ҚАЛҒАН АҚШАҒА НЕ САТЫП АЛҒАН
Нақты айтқанда, елордада 3 пәтер, жер телімі, 5 автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарына жұмсалған.
Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін олар келіп түскен қаражаттың үштен бір бөлігін (481 миллион теңгеден астам) әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттаған. Meta Ads арқылы жүргізілген жарнама аудиторияны едәуір кеңейтіп, қайырымдылық көлемін арттыруға мүмкіндік берген.
ОТА
Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңге тұратын ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше, олар Instagram парақшасында әуежайдағы «ұшып бара жатқан» көріністі бейнелейтін ролик жариялап, операция сәтті өтті деген жалған ақпаратпен жазба салған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын білген соң, олар қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеуден жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынды.
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда.