Құқық қорғаушы, «Ар.Рух.Хақ» ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша полицияға шақыртылды. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Төреғожинаның сөзінше, әкімшілік іс қозғауға қамаудағы марафоншы, саяси тұтқын Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жазған жазбасы себеп болған. Жазбада Төреғожина Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткенін терісінің түсі өзгеріп, есінен танып қала беретінін, салмағы 45 келі болып қалғанын жазған.
Бірақ кейіннен бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) теріске шығарып, құқық қорғаушыға «жалған ақпарат таратқаны» үшін жауапқа тартылатынын ескерткен.
«Жыланбаевқа қатысты сұрақтарға анық жауап берудің орнына олар тағы да жалған жазып отыр! Маратты ешкім қарамайды, мекеме фельдшері оған көмектесе алмайды. Ал осыдан кейін ҚАЖК маған қоқан-лоққы жасағысы келе ме? Мен сіздерден тек шындықты сұрап отырмын!», — деп жазды Төреғожина.
МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ
61 жастағы марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Марат Жыланбаев сот шешімімен жеті жылға сотталған. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және экстремистік ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Жыланбаевтың өзі де, жақтастары да тағылған айыппен де, үкіммен де келіспейді. Олар істің саяси астары бар деп есептейді. Белсендінің өзі үкіммен келіспей бірнеше рет аштық та жариялаған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. Ешкім саяси ой-пікірі үшін қудаланбайды дейді.