Депутат Әбенов шетелдік компанияларды қолдауды тоқтатуды талап етті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жүк тасымалы тарифтері мен үкіметтің жеңілдіктер саясатына қатысты жазбасында өткір мәлімдеме жасады. Депутат өз жазбасында нақты деректерге сүйеніп, ұлттық экономиканың басты проблемаларына назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мәжілісменнің айтуынша, бір ай бұрын көлік және логистика саласына арналған «Магистраль» сараптамалық алаңында өткен жиында, ҚТЖ өкілдерінің қатысуымен, теміржол арқылы жүк тасымалына қатысты тариф мәселесі талқыланған. Сол жерде Қазақстан үкіметінің шешімімен ҚТЖ ірі тау-кен металлургия компаниялары өндіретін көмір, түрлі-түсті және темір рудасы, металлды жеңілдетілген тарифпен тасымалдауға мәжбүр екені белгілі болды. 

- Бұл шикізаттың бәрі, негізінен, шет мемлекеттерге – Ресей мен Қытайдағы зауыттарға экспортталады. Яғни, біздің мемлекет осы жеңілдіктер арқылы шетелдік кәсіпорындарды қолдап отыр. Олар арзан шикізат алып, соның есебінен анағұрлым бәсекеге қабілетті өнім шығарады, – дейді депутат.

Оның айтуынша, дәл осы жеңілдіктер Қазақстанда шикізатты ішкі нарықта сату емес, шетелге шығару әлдеқайда тиімді екенін көрсетеді. Ал отандық компаниялар не қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр, не тіпті қол жеткізе алмайды. 

Жеңілдік үшін ұтылатын – шағын және орта бизнес

Депутаттың айтуынша, бұл жеңілдіктердің салмағы – қарапайым отандық бизнеске түсіп отыр.

- Өйткені үкімет ҚТЖ-дан осы жеңілдіктерді өзінің кірісі есебінен өтеуді талап етеді. Ал қаржыны қайдан алуы керек? Басқа тарифтерді көтеру арқылы. Әлеуметтік жүктерге, астыққа немесе жолаушыларға тариф көтере алмайды. Сонда жалғыз жол – шағын және орта бизнестің жүк тасымалына тарифті өсіру, – деп атап өтті ол.

«Атамекен» қай тараптың сөзін сөйлеп отыр?

Әбенов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына да шүйлікті. Оның айтуынша, мәселенің түп-төркініне үңілмей жатып, олар ҚТЖ-ны тарифті өсірмек болғаны үшін сынап отыр.

- Ал бұл ірі тау-кен металлургия компаниялары ҚТЖ бюджетіне жабысып алған кәсіпорындар «Атамекеннің» мүшелері. Үкіметтен солардың жеңілдігін алып тастауды, отандық бизнеске тең мүмкіндік жасауды талап етсін. Егер қандай да бір артықшылық берілетін болса, ол тек өңдеумен айналысатын, қосымша құн жасап, жұмыс орындарын құратын кәсіпорындарға ғана берілуі тиіс, – деп есептейді депутат.

Ескі Қазақстанның лоббистері әлі де орнында

Депутат жеңілдіктердің қазіргі үкімет бастамасы емес екенін мойындай отырып, олар 30 жыл бұрын, бұрынғы президенттің айналасындағыларға берілгенін атап өтті. Бірақ соған қарамастан, «қазіргі үкіметтің ішінде әлі де сол артықшылықтарды қорғап жүрген шенеуніктер бар» дейді ол.

- Олар шетелдік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, отандық бизнестің мүддесіне нұқсан келтіруде. Осы арқылы Қазақстан экономикасындағы олигополия одан әрі күшейіп отыр, – дейді депутат.

Президенттің ескертуі орындалмай қалды

Мәжілісмен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы ескертуін еске салды. Ол кезде президент:

- Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі көп сұрақ тудырады. Қалыптасқан жүйе ірі құрылымдарды қолдауға бағытталған – “достарға бәрі, қалғанына – заң бойынша”. Бұл жүйе экономикадағы олигополияны күшейтеді, ірі кәсіпорындар ерекше жеңілдіктерді пайдаланып, бәсекені басып, реформаларға кедергі келтіреді, – деген болатын.

Әбеновтің айтуынша, бұл ескертулерге қарамастан, үкімет президенттің тапсырмасын әлі күнге дейін толық орындамаған.

Шикізатты емес, дайын өнімді экспорттау қажет

- Логика қарапайым: шикізатты Қазақстанда өңдеп, қосымша құн жасап, содан кейін экспорттау тиімді болуы керек. Бұл – жұмыс орындары, бұл – валюта, бұл – бәсекеге қабілетті әрі инновациялық экономика. Мұндай жағдайда шетелдік инвесторлар да Қазақстанда өндіріс орнын ашуға мүдделі болады. Себебі көмір де, руда да, металл да осында. Ал қазіргі жағдайда металлды Қытайдан тасуға тура келеді, ал көмірді бірнеше делдал арқылы сатып аламыз, – деді ол.

Премьер-министрге үндеу

Мәжіліс депутаты бұл мәселеге қатысты премьер-министр Олжас Бектеновке тікелей үндеу жасады.

- Мен оған сенемін. Ол тәртіп орнатуға күш салып жатыр. Мүмкін бұл проблемаға қолы әлі жетпеген шығар. Өз айналасын мұқият зерттесін. Мүмкін дәл қасында шетелдік компаниялардың мүддесін қорғап, шикізатты экспорттауға жеңілдік беруді түрлі сылтаумен жақтайтын “жасырын” лоббистер отырған шығар. Мақсаттары тек материалдық болмауы да мүмкін. Мүмкін олар еліміздің экономикалық әлеуетін әдейі әлсіретіп отыр, – деп жазды Әбенов.

Жаңа министрден үміт күтеді

Ол жуырда Көлік министрінің ауысқанын, бұл саланы бұрын басқарған Нұрлан Сауранбаевтың тағайындалуы үкіметтің тариф саясатын әділ реттеуге деген қадамы болады деген үмітін білдірді.

- 30 маусымда оның кандидатурасы қаралғанда, мен осы сұрақты қойдым. Ол мәселенің бар екенін мойындап, шешуге дайын екенін айтты, – деді депутат.

Парламентте көтерілетін мәселе

Мұрат Әбенов жаңа сессия басталғанда бұл тақырыпты парламент қабырғасында көтеретінін жеткізді. Депутаттық сауал жолдап, монополияға қарсы органға тексеріс бастау туралы ұсыныс енгізіп, заңнамаға өзгеріс енгізуді де қолға алмақ.