Еуроодақ Қазақстанға Ресей арқылы көмір тасымалдауға рұқсат берді

Ulysmedia
Фото: gov.kz

Еуроодақ Қазақстан көмірін Ресей арқылы тасымалдауға рұқсат етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Еуроодақ Мәскеуге қарсы салынған санкцияларды 18 топтамасында Қазақстанға Ресей порттары арқылы көмір тасымалдауға қойылған шектеулерді алып тастады. Бұл туралы Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

МИНИСТРЛІК МӘЛІМДЕМЕСІ

Шектеулер Еуропа Одағының Ресейге салған санкциялардың 16 топтамасында енгізілген.

– Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдігімен бірлесіп, еуропалық тараппен түрлі деңгейдегі консультациялар жүргізді. Еуропалық комиссияның атына ЕО санкциялық режиміне тиісті өзгерістер енгізу туралы ресми өтініш жіберілді. Келіссөздер нәтижелі болды. ЕО-ның 18-пакет санкциялары аясында Еуропалық тарап қазақстандық көмір транзиті үшін белгілі бір ресейлік порттарымен келісімге шектеуді алып тастады, – делінген министрлік мәлімдемесінде.

ЕУРООДАҚ ТАЛАПТАРЫ

Министрліктің мәліметінше Еуроодақ Қазақстанға бірқатар талап қойған. Оның ішінде, көмір Қазақстанда өндірілген болуы керек; жүкке меншік құқығы санкцияланған елдердің резиденттерінде болмауы қажет; Ресей порттарын тек транзит, тиеу және жөнелту аумағы ретінде пайдалану қажет, бұл ел аумағында тауарды сатып алуға және өндіруге болмайды.

КӨМІР ЭКСПОРТЫ

Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне қарағанда, Қазақстан 2022 жылы Еуроодаққа құны 419,2 млн доллар болатын 4,4 млн тонна көмір экспорттаған. 2023 жылы экспорт көлемі 6,1 млн тонна (382 млн доллар), 2024 жылы 5,2 млн тонна (312,5 млн доллар) болған.