Трамп Медведевке "аузыңа ие бол" деп ескерту жасады

Сырым Қаржас
Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевті “болмай қалған президент” деп атап, оған “аузыңа ие бол” деп ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТРАМП НЕ ДЕДІ

Трамп жазбасында Үндістан мен Ресейге қатысты пікір білдіріп, бұл елдердің экономикалық жағдайын сынға алған.

– Үндістан Ресеймен не істесе де, маған бәрібір. Екеуі бірігіп, өздерінің өлі экономикасын құрта берсін. Бізде Үндістанмен бизнес аз, олардың кедендік баждары әлемдегі ең жоғары деңгейде. Сол сияқты Ресеймен де АҚШ-тың сауда-саттығы жоқтың қасы. Сондықтан бәрін сол күйінде қалдырып, Ресейдің өзіне әлі де президентпін деп ойлайтын жартылай экс-президенті Медведевке аузына абай болсын деп айтуымыз керек. Ол өте қауіпті аймаққа аяқ басып барады! – деп жазды Трамп.

МЕДВЕДЕВ НЕ ДЕП ЕДІ

Бұған дейін Дмитрий Медведев Х әлеуметтік желісіндегі ағылшынша парақшасында Трамптың Украинадағы соғысқа қатысты қойған ультиматумына жауап берген еді.

– Трамп Ресейге ультиматум қойып отыр: 50 күн немесе 10... Бірақ ол екі нәрсені есте ұстауы керек: Ресей – бұл Израиль емес, Иран да емес. Әрбір жаңа ультиматум – бұл қауіп, бұл соғысқа жақындау. Ресей мен Украина арасында емес, оның өз елімен, – деп жазған Медведев.