Марат Жыланбаевтың видеосын талап еткен белсенді 10 күнге қамалды

Ulysmedia
Көрнекі сурет. Фото: Ашық дереккөзден

Түрмедегі «саяси тұтқын» Марат Жыланбаевтың видеосын талап еткен көкшетаулық белсенді 10 күнге қамалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Азаттық» радиосының жазуынша, Көкшетау әкімшілік соты азаматтық белсенді Назгүл Жүсіпованы 10 тәулікке қамаған. Оған «полиция талабына бағынбады» деген айып тағылған.

Сот қаулысында белсендінің 28 шілдеде Ақмола облыстық полиция департаменті ғимаратында полиция қызметкерінің «намысына тиетін сөз айтып», «өзін дөрекі ұстағаны» жазылған.

Белсенді сотта өзіне тағылған айыппен келіспеген.

Назгүл Жүсіпова – түрмедегі Марат Жыланбаевтың видеосын талап еткен екі көкшетаулық белсендінің бірі. Өткен аптада Жыланбаевты видеодан көрген белсенділер оны танымай қалғанын, оның құр сүлдері қалғанын айтқан.

Құқық қорғаушылар мен белсенділердің дабылынан кейін желіде Жыланбаевтың қырынан және арқасынан қарап тұрған суреттері жарияланды. Кейбір қолданушылар қырынан және арқасынан түсірілген суреттерден адамның жағдайын бағалау мүмкін емес екенін айтып, Жыланбаевтың видеосын жариялауды және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап еткен.

31 шілдеде Алматы соты Жыланбаевтың денсаулығына байланысты дабыл қаққан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша кінәлі деп танып, 78 мың теңге айыппұл салды.