Құқық қорғаушыға айыппұл салынып, белсенді қамалып жатқан тұста БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанға келмек

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Белсенділер қамалып, құқық қорғаушыларға айыппұл салынып жатқан тұста Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің келетіні хабарланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЙЫППҰЛ МЕН ҚАМАУ КЕЗІНДЕГІ САПАР

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Антониу Гутерриш 3 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға келеді.

– Алматы қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Гутерриш келіссөз жүргізіп, БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын аралап көреді, – делінген Ақорда таратқан ақпаратта.

ӘКІМШІЛІК ЖАЗА

31 шілдеде Алматының әкімшілік істер жөніндегі соты құқық қорғаушы, «Ар. Рух. Хақ» ұйымының басшысы Бақытжан Төреғожинаға «жалған ақпарат тарату» айыбы бойынша 78 мың теңге айыппұл салған.

Бақытжан Төрағожинаның үстінен әкімшілік іс қозғауға Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жазған жазбасы себеп болған. Жазбада Төреғожина Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткенін, терісінің түсі өзгеріп, есінен танып қала беретінін, салмағы 45 келі болып қалғанын жазған.

Бұдан бөлек, Көкшетау соты Марат Жыланбаевтың видеосын талап еткен белсенді Назгүл Жүсіпованы 10 тәулікке қамады. Оған «полиция талабына бағынбады» деген айып тағылған.

БҰҰ ҮНДЕУІ

Қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп таныған. БҰҰ жұмыс тобы «Марат Жыланбаев саяси сеніміне байланысты кемсітушілікке негізделген» деп таныған. Қазақстан билігін оны босатып, әділ тергеу өткізіп, өтемақы төлеуге үндеген.

МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ

61 жастағы марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Марат Жыланбаев сот шешімімен жеті жылға сотталған. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және экстремистік ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Жыланбаевтың өзі де, жақтастары да тағылған айыппен де, үкіммен де келіспейді. Олар істің саяси астары бар деп есептейді. Белсендінің өзі үкіммен келіспей бірнеше рет аштық та жариялаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. Ешкім саяси ой-пікірі үшін қудаланбайды дейді.