Марат Жыланбаевтың адвокатының үстінен іс қозғалды

Ulysmedia
Адвокат Мейіржан Досқараев. Фото: Facebook

Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараевтың үстінен «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘКІМШІЛІК ІС

«Маған қатысты «жалған ақпарат тарату» айбы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабынің 3-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды», – деді Досқараев ТikTok парақшасында.

Ол мұны адвокаттық қызметіне жасалып жатқан саяси қысым деп есептейді. Сөзінше, Марат Жыланбаевқа барған сайын, ол берген хат, шағым мен өтініштерді сыртқа шығармай алып қалады.

«Менің адвокат ретіндегі құқығым шектеулі. Билік адам құқықтарының бұзылуына жауап берудің орнына, адвокатты қудалап, менің ауызымды жапқысы келеді. Бұл Марат Жыланбаевты қорғау құқығынан, ал халықты шындықты білу құқығынан айыруға бағытталған. Мен өз жұмысымды жалғастырамын. Мен Маратты қорғаймын және оның жағдайы туралы жұртшылықты одан әрі хабардар етемін. Күрес аяқталған жоқ», – деді ол.

КОМИССИЯҒА ҚАРСЫЛЫҚ

Бұған дейін Мейіржан Досқараев Марат Жыланбаевқа барғанын айтқан. Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Шер Раиса Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жасаған мәлімдемесін жоққа шығарған.

«Комиссия бәрі жақсы екенін, өзін жақсы сезінетінін және шағымдары жоқ екенін айтты. Бірақ іс жүзінде ол оларға барлығы олай емес екенін айтқан. Спортпен шұғылдану үшін оның үш-төрт метрлік бөлмесі бар. Мұндай жерде қалай жүгіруге болады?» – деген Досқараев.

Досқараевтың сөзінше, Марат Жыланбаев адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілдеріне қамаудағы антисанитария, аштық жариялау себебін, сондай-ақ құқығының бұзылғаны туралы айтқан. Сонымен қатар, ол Ақмола облысы прокурорының атына жалған ақпарат таратқан Шер Раиса мен Артур Ластаевтың үстінен шағым түсірген. Алайда, адвокаттың айтуынша, колония қызметкерлері бұл шағымды тіркейміз деп алған.

Сондай-ақ, адвокат Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағанын, ұйқы безі ауыратыны айтқан.

КОМИССИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бұған дейін адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Шер Раиса Facebook-те Марат Жыланбаевқа барғанын жазған. Оның айтуынша, Жыланбаев өзін жақсы сезінеді және денсаулығына шағымданбаған. Ол Жыланбаевтың үнемі спортпен, соның ішінде жүгірумен айналысатынын, кітапханаға баратынын айтқан. Шер Жыланбаевтың "жаттығу мақсатында" мезгіл сайын аштық жариялайтынын хабарлады.

Шер Райса Жыланбаев салмағы 45 келіге дейін түсіп кеткені туралы құқық қорғаушылардың мәлімдемесін естіп, таң қалғанын және «мұндай жалған ақпаратты кім және не үшін таратып жатқанын білмейтінін» айтты деген.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ СОТЫ МЕН АЙЫППҰЛ

31 шілдеде Аламының әкімшілік істер жөніндегі соты құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша кінәлі деп танып, 78 мың теңге айыппұл салған. Төреғожина тағылған айыппен де, сот шешімімен де келіспеген.

Бақытжан Төрағожинаның үстінен әкімшілік іс қозғауға Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жазған жазбасы себеп болған. Жазбада Төреғожина Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткенін, терісінің түсі өзгеріп, есінен танып қала беретінін, салмағы 45 келі болып қалғанын жазған.

МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ

61 жастағы марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Марат Жыланбаев сот шешімімен жеті жылға сотталған. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және экстремистік ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Жыланбаевтың өзі де, жақтастары да тағылған айыппен де, үкіммен де келіспейді. Олар істің саяси астары бар деп есептейді. Белсендінің өзі үкіммен келіспей бірнеше рет аштық та жариялаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. Ешкім саяси ой-пікірі үшін қудаланбайды дейді.