Трамп енгізген баж салығы: Қазақстан АҚШ-пен келіссөз жүргізуді жалғастырып жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Сауда және интеграция министрлігі АҚШ тарапынан енгізілген қосымша тарифтерге қатысты Қазақстанның келіссөздерді жалғастырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда әріптестігін дамыту, тұрақты жеткізілімді сақтау және нарыққа әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған ресми ұсыныс жолдаған. Бұл құжат 2025 жылғы 2 сәуірде Дональд Трамп қол қойған жарлық пен оның кейінгі өзгерістерін ескере отырып әзірленген.

Екі ел өкілдері сауда-экономикалық мәселелер бойынша кеңейтілген екіжақты диалог аясында ұсыныстарды талқылауды жалғастырып отыр. Қазақстан келіссөздерге ашық әрі конструктивті ұстанымда екенін мәлімдесе, америкалық тарап та диалогты жалғастыруға әзір екенін растаған. Бұл – екіжақты мүддені ескеретін ортақ шешімдерге келуге мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, жаңа тарифтік шаралар Қазақстанның АҚШ-қа экспортының тек 4,8%-на ғана әсер етеді. Ал қалған 95,2% өнім жаңа баж салығынан тыс қалып, бұрынғыдай шектеусіз жеткізіле береді.

Қазақстан АҚШ-қа негізінен келесі тауарларды экспорттайды:

  •  мұнай,
  • уран,
  • күміс,
  • ферроқорытпалар,
  • тантал,
  • титан,
  • бериллий және т.б.

Жаңа баж салығына іліккен өнімдер қатарында:

  • сары фосфор,
  • ферросилиций,
  • оптикалық линзалар,
  • бидайдан алынған глютен,
  • аммиак селитрасы (аммоний нитраты) бар.

АНЫҚТАМА

  • 2025 жылдың алғашқы жартысында АҚШ-қа 2,2 мың тонна сары фосфор экспортталған (Қазақстандағы жалпы өндіріс — 43 мың тонна);
  • Ферросилиций — 1 482,6 тонна (жалпы өндіріс — 41 830,1 тонна);
  • Аммиак селитрасы АҚШ-қа мүлде жеткізілмеген, жылдық жоспар да жоқ;
  • Бидай глютені — 6 500 тонна (шамамен 8,12 млн АҚШ доллары көлемінде).

Бұған дейін Дональд Трамп Қазақстаннан келетін бірқатар тауарға 25% көлемінде импорттық баж салығын ресми түрде енгізген еді.