Батыс елдерінің барлау қызметі Ресей ұйымдастырды деп болжан диверсиялар саны азайған. Бұл жөнінде Bloomberg басылымы еуропалық және америкалық ресми тұлғаларға сүйеніп жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларының аралығында Ресейдің 11 диверсиялық әрекетін тіркеген. Оның ішінде Швециядағы талшықты-оптикалық кабельдер мен ұялы байланыс мұнараларын істен шығару әрекеттері бар. 2024 жылы30-дан астам осындай оқиғалар болған. Оның ішінде, энергетика, байланыс, көлік, әскери нысандар, су инфрақұрылымы мен суасты нысандарына жасалған шабуылдар бар.
Bloomberg дерегі
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Ресейдің диверсиясы былтыр күзден бастап азая бастаған. Оған дейін АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары ресейлік әріптестерін жаңа операциялар жасамауға ескерткен. Ондай ескерту Бирмингемде, Лейпцигте және Варшавағы DHL логистика орталықтары маңындағы күмәнді өрттерден кейін және АҚШ-қа ұшатын жүк ұшақтарына диверсанттар жарылғыш зат қоюы мүмкін деген хабардан соң жасалған. Ол кезде The New York Times басылымы ресейліктерге Вашингтон тарапынан ескерту жасалғаны жайлы жазған.
Bloomberg дереккөздері диверсиялық әрекеттердің азаюын екі негізгі фактормен түсіндіреді. Біріншіден – орындаушылар өте сенімсіз болғандықтан, гибрид операцияларды тиімді түрде басқарудың мүмкін болмауы. Екіншіден – бұған Дональд Трамптың президенттік мерзімінің алғашқы айларында АҚШ-тың ашуына тимеген жөн деген саяси есеп те себеп болуы мүмкін.
Ресей реакциясы
Кремль Bloomberg жолдаған сауалға жауап бермеді. Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Еуропадағы ресейлік диверсиялар туралы хабарларды «мүлдем негізсіз» деп атаған.