Алматылық белсенді Бибигүл Иманғалиева 10 тәулікке қамалды. Ол Марат Жыланбаевты қолдғап, былтыр сәуірде Степнагорск түрмесіне барған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
«Белсенділер экстремист емес» телеграм-арнасының мәліметінше, Бибигүл Иманғалиеваға «Бейбіт жиын тәртібін бұзу» бабы бойынша айып тағалған.
Сот шешімінде Бибигүл Иманғалиева 7 сәуірде Ақмола облысы Степнагорск қаласындағы түрме алдында Марат Жыланбаевты қолдап, рұқсат етілмеген митинг өткізгені туралы айтылған. Сотта Иманғалиева өзіне тағылған айыппен келіспеген.
6 тамызда Иманғалиева Жыланбаевтың денсаулығына қатысты өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген. Онда құқық қорғаушылар Жыланбаевтың денсаулығы күрт нашарлағанын айтып, шұғыл ауруханаға жатқызуды талап еткен.
Бұған дейін марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қаққан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға сот 78 мың теңге айыппұл салған. Оған «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша айып тағылған. Құқық қорғаушы тағылған айыппен де, сот шешімімен де келіспеген.
Көкшетауда Марат Жыланбаевтың видеосын беруді талап еткен белсенді Назгүл Жүсіпова 10 тәулікке қамалған. Ол «полиция талабына бағынбау» бабы бойынша айыпталған.