Жамбыл облысында балаларды ұрып-соғып, "құлдықта ұстаған" күдікті қамауға алынды

Мейірман Лес
Ішкі істер министрлігі

Жамбыл облысында "балаларды құлдықта ұстаған" күдікті ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленуші балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру басталды. Ішкі істер министрі бұл істі жеке бақылауына алды, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешов.

Ведомство өкілі сонымен бірге министр Ержан Сәденов екі кәмелетке толмаған баланы жүйелі түрде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық істі жеке бақылауына алғанын атап өтті.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Әлеуметтік желіде бес жыл бойы құлдықта жүргенін айтқан екі баланың видеосы жарияланғаннан кейін, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

“Письма президенту” Telegram-арнасында далада мал бағып жүрген екі баланың видеосы жариялады. Оның бірі өзінің бес жылдан бері құлдықта жүргенін айтып, көмек сұраған.

– 5 жыл тұрдым ба… 5 жыл бойы көрген қорлығым. (…) Телефонымды алып қойды. Мал бағып жүрміз. Әр өткен көліктен сағат сұраймыз. Көретін қорлығымыз осы ғой. Бұлай қорлық көрмеп едім. Жатсам да, тұрсам да бір нәрсені ойлаймын: туған әкемнің қолына барсам деп. Үйдегі мамам сөйлегісі келеді, бірақ өзі қорқады. Көмектесіп жіберіңіздерші. Бір күні екеуміздің біріміз өлмесек… көмектесіп жібермесеңіздер, – дейді жасөспірім видеода.

Осы оқиғадан кейін Жамбыл облысының полициясы оқиғаға баланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Іске қатысы бар адамдар анықталып, тергеу жүргізілетінін айтты.

Бұдан бөлек, балалар құлдықта болдық деген Жамбыл облысының Көктал ауылына облыстық бала құқығы бойынша омбудсмен Дәурен Бағжанов барған.

Қазір балалар Тараздағы қолдау орталығына жеткізілген.