Смайылов эпиджағдайда бизнеске бөгет жасамауды тапсырды

Ulysmedia

Премьер-министр Әлихан Смайылов өңір басшыларына эпидемиологиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстауды жүктеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Өңірлерде коронавирус инфекциясы әлі де өршіп тұр. Түркістан облысынан басқа өңірлердің бәрі «қызыл аймақта». Вирустың ең көп таралуы Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында және Елордада тіркеліп отыр. Эпидемиологиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстау қажет», - деді ол үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-министр коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомство-аралық комиссия  «Атамекен» палатасымен бірге мемлекет басшысының бизнеске арналған карантиндік шектеулерді қайта қарау жөніндегі тапсырмасын  ескере отырып, тиісті шараларды әзірлеу керектігін жеткізді.

«Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туындаған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер  вакциналау және ревакциналау жұмыстарын күшейтуі тиіс», - деген ол жағдайды бақылауды орынбасары Ералы Тоғжановқа тапсырды.