Украина президенті Владимир Зеленский елдің өз аумағын басқыншыға "сыйға тартпайтынын" мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мемлекет басшысы бұл туралы Telegram-арнасында жазды. Оның айтуынша, украин халқы өз жерін қорғап, бейбіт өмірге лайық.
– Бұл соғысты аяқтау керек және оны Ресей аяқтауға тиіс. Соғысты бастаған да, созып отырған да – Ресей. Ол барлық мерзімді елемей келеді, мәселе – осында, басқа ештеңеде емес, – деді ол.
АУМАҚТЫҚ МӘСЕЛЕ
Украина президенті аумақтық мәселеге жауап ел конституциясында бар екенін атап өтті.
– Бұл ұстанымнан ешкім бас тартпайды және ешкім бас тарта алмайды. Украиндар өз жерін басқыншыға сыйламайды. Украина шынайы шешімдерге дайын, олар бейбітшілік әкелуі мүмкін. Бізге қарсы, Украинаны айналып өтіп қабылданған кез келген шешім – бейбітшілікке қарсы шешім. Бұл еш нәтиже бермейді. Ал бізге барлығымызға шынайы әрі адал бейбітшілік қажет, - деді ол.
Зеленский Киевтің АҚШ президенті Дональд Трамппен және өзге де серіктестермен тұрақты бейбітшілік үшін ынтымақтасуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін РФ президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғыс мәселесін талқылау үшін кездесетіні белгілі болды.