EC-145 тікұшағы апаты: екінші адамның денесі табылды

Мейірман Лес
Қорғаныс министрлігі

EC-145 тікұшағы құлаған аумақта іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде екінші адамның денесі судан шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта марқұмның жеке басын анықтау рәсімі құзыретті органдардың қатысуымен жүргізіліп жатыр.

Ведомство іздеу жұмыстары Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және өзге де ведомстволардың күш-құралдары жұмылдырылып, тәулік бойы жалғасып жатқанын хабарлады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, кеше, 9 тамызда Қазақстанда іздеу-құтқару операциясы кезінде тікұшақтың су астындағы сынықтары мен бір адамның мәйіті табылды.

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

25 шілдеде Алматы облысында ЕС-145 әскери тікұшағы жоғалып кеткен. БАҚ-та тараған ақпаратқа қарағанда, тікұшақ бортында үш адам болған. Кейін олардың Амангелді Аман, Ержігітов Бақтияр және Уйсенбаев Нұржігіт екені айтылған.

Әскери тікұшақтың жоғалғанына екі аптадан асқан. Осы уақыт ішінде көлдің тек 50%-ы зерттелген. Төтенше жағдайлар министрі Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, су тереңдігі 25 метрге дейін жетеді. Ізестіру жұмыстарына кедергі көп.

– Батпақтан көл түбі көрінбейді, айналада қамыс көп. Осының барлығы іздеу жұмыстарын қиындатып отыр, – деді ол.