«Биыл дым жоқ. Ақша жоқ»: журналистпен дөрекі сөйлесіп, мемге айналған шенеунік жаңа қызметке тағайындалды

Ulysmedia
скриншот

Журналистпен дөрекі сөйлесіп, сөздері ел арасында мемге айналған шенеунік жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Әлеуметтік желіде кең тараған «Биыл ештеңе жоқ, дым жоқ, ақша жоқ» сөздерінің авторы, ақтөбелік шенеунік Аян Қорқытұлы жаңа қызметке тағайындалды.

Шалқар аудандық әкімдігі таратқан ақпаратқа қарағанда, Аян Қорқытұлы аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалған.

«Шалқар ауданы әкімінің 2025 жылғы 11 тамыздағы №254 өкіміне сәйкес Қорқытұлы Аян Шалқар ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды», – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Контекст

Аян Қорқытұлы 2015 жылы телеарналардың біріне шыққан сюжеттен кейін әлеуметтік желіде тараған мемдердің кейіпкеріне айналған. Ол уақытта шенеунік Шалқар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы болған. 

Ол аудандағы жол мәселесін сұрап барған журналиске дөрекі сөйлеп, «Шалқар, чики-чики ғой» деп жауап берген.

«Биыл ештеңе жоқ. Дым жоқ. Ақша жоқ. Жол жөнделмейді... Жоқ ақша, жоқ. Қысқасы жоқ десейші, басыңды ауыртпа. Биылға ақша жоқ», – деген Қорқытұлы сол уақытта.

Кейіннен шенеунік үстінен тәртіптік іс қозғалғаны туралы айтылған.