Әлеуметтік желіде Семейде полиция ғимараты алдында үш ер адам жергілікті тұрғынды тепкілеп, жамбасына пышақ салған видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Желіде тараған видеода үш адам жабылып, жерде жатқан тағы бір ер адамды тепкілеп, жамбасына шышақ салғаны көрінеді. Оқиға тапа-тал түсте, Семей полициясы ғимаратының жанында болған. Бейнежазбада көшеде көлік пен адамдардың жүргені байқалады. Бірақ ешкім араша болмаған.
Абай облысының полиция департаменті болған оқиғаға қатысы бар деген күдікпен екі адамның ұсталғанын хабарлады. Тағы бір адам іздестірілуде.
«Аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Үшінші күдіктінің қайда екені анықталып жатыр», - делінген полиция таратқан ақпаратта.
Соққыға жығылған адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, жанжал жеке араздықтан туындаған.