Павлодар облысының Ақтоғай ауданында жол жұмысшылары адамға тиесілі болуы мүмкін сүйек қалдықтарын тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
14 тамызда Жанауыл ауылының маңында жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар жырадан адамдікіне ұқсас сүйекті байқап қалған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиға орнында мән-жайды анықтау үшін қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Барлық сараптама мен тергеу әрекеттері аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, істің толық мән-жайы тергеу нәтижесінде белгілі болады.
Еске салайық, бұған дейін Оралда қоқыс жәшігінен нәрестенің денесі табылғанын хабарлаған едік.