Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамппен кездесу барысында бейбітшілікке қатысты шарттарын айтты. Ол шарттар Украина тарапынан аумақтық концессияларға келіп тіреледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Axios-қа сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, Мәскеу Киевтен әскерін Донецк және Луганск облыстарынан толықтай шығаруды талап еткен.
Ал Херсон мен Запорожье бағытында Путин “фронтты тоқтата тұруды” ұсынып, шабуылды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Бұдан бөлек, Путин келісім жасалған жағдайда Ресейге тиесілі болуы мүмкін аумақтардағы егемендігін мойындауды талап етіп отыр.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, 15 тамызда Анкориджде (Аляска) Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың саммиті өтті. Келіссөздер шамамен үш сағатқа созылды. Қол қойылған құжаттар болмағанымен, тараптар бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Сонымен бірге Мәскеуде жаңа кездесу өту мүмкіндігі талқыланып жатыр.