"Оқылмаған шешім": Апелляциялық сот Төреғожинаға шыққан шешімді өзгертпеді

Ulysmedia
ulysmedia.kz

Алматы қаласының әкімшілік соты құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға шыққан шешімді өзгертпеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

 Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, апелляциялық сот шешімді оқымаған.

«Қаулыны оқымай-ақ, тып-тыныш сот кабинетіне салып қойған. Өзгеріссіз қалдырды. Айыппұл төлеуге көмектескісі келгендер жекеме жазыңыздар! 78 640 теңге» деп жазды ТөреғожинаFacebook желісіне.

20 тамызда құқық қорғаушының өзі және адвокаттары сот шешімін күткен. Бүгін жарияланған құжатта шешім 20 тамызда шыққаны көрсетілген.

«Б.А.Төреғожинаны, оның өкілдері З.Е.Әбілдинаны., М.Х.Аспандиярова, Ш.Б.Бекқұлова, Е.Қ.Қалиев, Ғ.Б.Нұрпейісовті тыңдап, іс материалдарын, шағым түсіруші жақтың дәлелдерін зерделей келе, апелляциялық инстанция шешімді өзгеріссіз қалдыру керек деп санайды. Төреғожинаны кінәлі деп таныған сот қорытындысы істің нақты мән-жайына сәйкес және сот отырыстары барысында алынған тексерілген дәлелдемелерге негізделген» деп жазылған сот қаулысында.

Контекст

Бақытжан Төреғожинаның үстінен әкімшілік істің қозғалуына түрмедегі марафоншы, тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағаны туралы жазбасы себеп болған. Жазбада Төреғожина Жыланбаевтың 45 келіге дейін салмақ жоғалтқанын, есінен танып қала жаздайтынын жазған.

Бұл ақпаратты қылмыстық-атқару жүйесі жоққа шығарған. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев оны «хайп» деп таған.

31 шілдеде Алматы әкімшілік соты Бақытжан Төреғожинаны "Жалған ақпарат тарату" бабымен кінәлі деп танып, 78 мың теңге айыппұл салған. Ал құқық қорғаушы шешіммен келіспей, шешімді апелляцияға беретінін айтқан еді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары құқық қорғаушыға шыққан шешімді айыптады.

Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 20 тамызда Қазақстанда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қуғындалауын сынап, Қазақстан билігін заңсыздық туралы айтқан адамды емес, заңсыздықтың өзімен күресуге үндеген.