Жылу желілерін жөндеуге 47 млрд теңге бөлінді, бірақ мамандар жеткілікті ме?

Сырым Қаржас
gov.kz

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, резервтен 48 млрд теңге бөлінген, сонымен бірге бюджеттен жоспарлы түрде тағы 40 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

– Қосымша қаржы бөлінген жоқ, себебі жұмыстардың басталу кезеңі қауіпті учаскелермен анықталады. Мысалы, Степногорскіге 2,7 млрд теңге бөлінді. Бақылауды тапсырыс берушілер де, әкімдіктер де жүргізеді. Өйткені бұл – бюджет қаржысы. Сондықтан мұнда ешқандай құпия жоқ деп ойлаймын. Әрине, белгілі бір кезеңдерде қаржыландыру азайған кездер болды, сол себепті жөндеу сапасына қатысты мәселелер шықты. Қазір жұмыстар айтарлықтай жақсарды, – деді ол.

ЭНЕРГЕТИКТЕРДІ ДАЯРЛАУ

Вице-министр саладағы кадр мәселесін де жасырмады. Оның сөзінше, соңғы екі жылда орташа жалақы 420-450 мың теңгеге көтерілген. Осыдан кейін мамандардың кетуі тоқтаған.

– Биыл біз Ғылым министрлігімен бірге гранттар бөлдік. Алғаш рет Алматы энергетика және байланыс университетіне жылу энергетикасы мамандығына 200 студент қабылданды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Бұл – салаға мамандардың қайта орала бастағанының жақсы көрсеткіші. Әрине, білікті энергетикті дайындауға бірнеше жыл қажет. Бұл процесс бақылауда, – деді Сұңғат Есімханов.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін энергетика министрі Ерлан Әккенженов Қазақстандағы жылу желілерін жөндеу және алдағы жылыту маусымына дайындық шығындары туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, биыл үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілеріне 47,6 млрд теңге бөлінген. Қаражат құрылысқа, қайта жаңғыртуға және күрделі жөндеуге жұмсалады.