Қазақстан мен Иордания уранды бөліп алмақ

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«Самұрық-Қазына» қоры өзінің еншілес компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» арқылы Иорданияда уран өндіруді жоспарлап отыр. Жақын күндері келісімге қол қойылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақұповтың айтуынша, Иордания королі Абдулла II-нің сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» пен Иорданияның ұлттық уран компаниясы JUMCO арасында келісім жасалмақ. Оның сөзінше, бұл – 2026 жылдың соңына дейін Иорданиядағы уран кен орындарын игеруге арналған бірлескен кәсіпорын құруды көздейтін заңды құжат.

- 2026 жылға дейін Иорданиядағы уранның қоры мен байытылу деңгейіне қатысты тәжірибелік-өнеркәсіптік зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Егер оң нәтиже көрсетсе, 2026 жылдың соңына дейін бірлескен кәсіпорын құрылады: 70% – «Қазатомөнеркәсіпке», 30% – JUMCO-ға тиесілі болады. Бұл – заңдық күші бар келісім. Оның аясында біз иорданиялық әріптестерімізбен бірге кен орындарының геологиялық ерекшеліктерін зерттейміз. Нәтиже оң болса, бірлескен кәсіпорын құрылатын болады, – деді Жақұпов.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіптің» пайдасы уран өндіру көлемі артқанына қарамастан екі есеге қысқарғаны белгілі болды. 2025 жылдың алғашқы жартысында компания 263,2 млрд теңге таза пайда тапқан. Ал есепті кезеңде уран өндірісі 13%-ға өсіп, 12 242 тоннаға жеткен. Сондай-ақ шілде айында Қазақстанның Словакиядағы АЭС-ке уран жеткізетіні хабарланған еді.